Алматыда ер адам автобустың әйнегін сындырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қоғамдық көлік жүргізушісімен жанжалдасқан ер адам көліктің әйнегін сындырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. № 86 автобуста болған оқыс оқиғаның видеосы Вконтакте желісінде жарияланды.

Бейнекадрдан белгілі болғандай, ер адам автобус жүргізушісімен сөзге келіп қалған. Куәгерлердің айтуынша, ер адам  жүргізуші отырған кабинаның әйнегін сындырып, жұдырық ала жүгірген.

Автобус жүргізушісін соққыға жықпақ болған. Белгілі болғандай, екеуі де бір-біріне былапыт сөз айтқан. Ер адам сабырға шақырған жолаушылардың сөзін құлағына да ілмеген.

Аталған оқиғаға байланысты «Алматыэлектротранс» ЖШС жетекшісі Ризван Цинаев түсініктеме берді.

«Бұл дерек Түрксіб аудандық Ішкі Істер басқармасына берілді. Полиция қазір тексеріп жатыр», - деді «Алматы электротранс» ЖШС директоры Ризван Цинаев.