Алматыда ер адам ХҚО қызметкерінің мұрнын сындырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ХҚО қызметкерін клиент соққыға жықты. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұрат Жұманбай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, осындай екі дерек тіркелген.

Дау жанжалдың бірі Алмалы аудандық ХҚО-да болған.

«Алмалы аудандық ХҚО-ға мекенжай анықтамасын алуға ер адам келген. Ол өзінің кәмелеттік жасқа толған қызына анықтама алу үшін көмекке жүгінген. Бірақ ол үшін клиент өзінің және қызының жеке куәлігін, туу туралы куәлігін көрсетуі тиіс болған. Алайда қызының туу туралы куәлігі қолында болмай шықты. Қызметкерлер оған қызмет көрсетуге заң бойынша тыйым салынғанын айтып, бас тартқан. Соған жауап ретінде ол қызметкерді бір ұрып, мұрнын сындырған», - деді Мұрат Жұманбай.

Осыған ұқсас жағдай Әуезов ауданында да болған. Аудандық ХҚО атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеу үшін  бір әйел келген. Ол үшін арнайы анықтаманы egov.kz порталы арқылы шығарып алу керек болған. Өз-өзіне қызмет көрсету секторында құжатты шығара алмаған әйел кеңесшіден көмек сұрайды. Кеңесші көмектессе де құжат порталда ұзақ өңделіп қалған. Сол кезде әйел айғайлап, қызметкерге қол көтерген.

Екі жағдайда да полиция шақырылды. Бұл істер бойынша материалдар аудандық Полиция басқармаларының қарауында жатыр.

Айта кету керек, бүгін Алматыда науқастың туыстары жансақтау бөлімшесінің медициналық қызметкерлерін ұрып-соққанын хабарлаған болатынбыз.

Оқыс оқиға Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімшесінде болды.

Олар өздерін туысы жатқан реанимация бөлімшесіне кіргізбегені үшін медбикелерді ұрып-соққан.