Бүгін таңғы сағат 08:00-ден бастап, қалалықтар Алматы онкологиялық орталығына ағыла бастады.
«Бүгінгі шара 50 жастан асқан ер азаматтарды тексеруге арналған. Ондағы мақсат - онкологиялық ауруларды анықтау. Енді ер азаматтар болған соң, бірінші кезекте ерлердің жыныстық жағының онкологиялық ауруларын анықтаймыз. Өздеріңіз білесіздер, 50 жастан асқан соң, көп жағдайда ер азаматтар еркектік бездің қатерлі ісігі дертіне шалдығып жатады. Бұл Қазақстанда ерлер арасында кездесетін онкологиялық аурулардың ішінен жиілігі бойынша екінші орындағы ауру. Бүгінгі шара барысында ер азаматтар дәрігер урологтарға, онкохирургтарға қарала алады. Сонымен қатар, онкологиялық ауруларды ерте кезден бастап анықтау мақсатында диагностика жасалады. Соның ішінде еркектік бездің қатерлі ісігі бойынша арнайы анализ алынады. Ол ПСА - простат спецификалық антиген деп аталады. Егер оның құрамы жоғары дәрежеде болса, тиісті азаматтар біздің орталықта егжей-тегжейлі тексеруден өтеді. Ал қазір, біздің мақсатымыз - ер азаматтардың осындай ауруларға шалдыққан-шалдықпағанын ерте бастан анықтау. Бүгін олардың күретамырларынан қан алынады. Сараптама нәтижесі 5-6 күн ішінде дайын болады. Яғни, бүгінгі қаралған азаматтар бір аптадан соң қаралудың нәтижелерін біле алады», - деді өз сөзінде Алматы онкологиялық орталығының жоғары категориядағы дәрігер онкоурологы Сергей Барсов
Бүгінгі шара Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен Алматы саламатты Өмір салтын құру орталығының қолдауымен өтуде.