АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматыда қаласында «Достық» спорт кешенінде волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІ Қазақстан чемпионатының бірінші туры басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл Ұлттық лигада сегіз команда өнер көрсетеді.
Атап айтқанда, «Атырау», «Есіл-СК» (Петропавл), «Буревестник» (Алматы), «Тараз», «Алтай» (Өскемен), «Павлодар», «Ұшқын-Көкшетау» және «Жайық» волейбол клубы (Орал) алаңға шығады.
Биылғы бір жаңалық, «Маңғыстау» клубы Ұлттық лигада ойнаудан бас тартқандықтан, оның орнына «Жайық» командасы қосылды. Көп жылғы үзілістен кейін бұрын «Конденсат» деп аталған оралдық клуб элитаға қайта оралды.
Бүгін алғашқы ойында «Ұшқын-Көкшетау» командасы «Есіл-СК» клубын 3:1 есебімен жеңіп кетті.
Сондай-ақ бастапқы күні «Тараз» - «Жайық», «Алтай» - «Павлодар», «Атырау» - «Буревестник» клубтары өзара кездеседі.
Ел чемпионы әрі кубок иегері «Атырау» мен Қазақстан кубогының финалисі «Буревестник» бүгін суперкубокты да сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Алтай» волейбол клубының қатарынан алтыншы рет ел кубогын ұтып алғанын жазған болатынбыз.
Фото: olympic.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).