Фильмді алғашқылардың бірі болып еліміздің әдебиет, мәдениет, өнер, кино саласының қайраткерлері тамашалады. Фильм қазақ және орыс тілдерінде екі залда көрсетілді.
Фильм белгілі американ жазушысы Эрнест Хемингуейдің «Шал мен теңіз» атты шығармасының негізінде түсірілген. «Бірақ, бұл фильм тікелей повесті қайталау емес, мұнда тек негізгі ойы, идеясы алынған. Бұл біздің Хемингуейді қазақша түсінуіміз. Фильм қазақтың рухани, этникалық, географиялық кеңістігіне адаптация жасалынып, қазақ даласында түсірілді. Бұл фильмді біз көрермендерге адам, адамзат, адамның тағдыры туралы, адам баласының қайраттылығы, ерік-жігері туралы идеяларды көрермендерге ой салу мақсатында түсірдік. Туынды көрермендерге түсінікті болу үшін, қазіргі заманға лайықталып экшн жанрында түсірілді. Бұл фильм коммерциялық кино емес»,-деді фильмнің таныстырылымында аталмыш фильм идеясының авторы, депутат Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, фильмнің идеясы осыдан екі жыл бұрын дүниеге келген. «Мен бұл ойымды алдымен Ермек Тұрсыновқа ұсындым. Ол фильмнің сценариін жазып шықты. Сценарий Қазақфильм басшысы Ермек Аманшаевтің көңілінен шығып, қолдау тауып, түсіріліп, міне, көрермендерге жол тауып отыр. Оның бағасын киносүйер қауым кейін бере жатар. Дегенмен, фильм көрермендерге үлкен әсер қалдырады деген үміттеміз»,-деді М. Әшімбаев.
Фильмнің оқиға желісі бойынша, біреудің малын айдап беруге келіскен ақсақал қалың тұманға тап болып, жолдан адасып, түрлі оқиғаларды басынан кешіреді. Барлық басына түскен қиындықтарды шыдамдылықпен, төзімділікпен жеңіп шығады. Фильмдегі басты рөлді белгілі актер Ерболат Тоғызақов ойнайды. Бұл оның алғашқы басты рөлді ойнауы.
Аталмыш шараның өтуіне орай айта кететін жайт, туынды халықаралық фестивальдерге қатысатын болғандықтан, жабық көрсетілім ретінде өтті. Фильм авторларының айтуынша, туынды қалың көпшілікке жақын арада жол тартпақ.