Алматыда Есентай өзенінің көпірінде жөндеу жұмысы тәулік бойы жүріп жатыр
Көпірді жөндеуден өткізіп жатқан «Қапшағай көпір құрылысы компаниясы» ЖШС басшысы Родион Теннің айтуынша, мұндай құрылыс-монтаж жұмыстары үшін әдетте 9 ай қажет.
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша кептеліс болдырмау және қала тұрғындарына қолайсыздықты азайту үшін жұмыс жедел қарқынмен аяқталады.
Ол үшін күндіз де, түнде де бірнеше құрылыс бригадасы жұмыс істейді.
Бүгінде 27 дана діңгектің 9 қатары бөлшектелді. Келесі кезең 7 тамызға дейін - 33 діңгек, ал 30 тамызға дейін - тағы 36-сы бөлшектеледі.
«Әрине, көпірді толығымен жауып, оны бірден толықтай қалпына келтірсек, бізге оңай болар еді. Бірақ бәрі Алматының ірі мегаполис екенін түсінеді, ал әл-Фараби - қала тұрғындары күн сайын жұмысқа баратын және басқа да шаруамен жүретін қарбалас даңғыл. Сондықтан көпір ішінара жабылады, кері қозғалыс енгізіледі», - дейді ол.
Родион Тен бұл құрылым шамамен 70-жылдардың аяғы мен 80-жылдардың басында салынғанын және ешқашан жөнделмегенін атап өтті.
Әр жылдары жолдарды жөндеу кезінде көпірге асфальттың барлық жаңа қабаты төселді.
Нәтижесінде асфальтбетонның қалыңдығы 16 см жетті. Артық қабаттар аралық құрылымдарға қосымша жүктеме түсіріп, құрылымның жүк көтергіштігін төмендетеді.
«Егер сіз көпірдің астына түссеңіз, тірек конструкциялары мен бетондардың қабыршақтанғанын, шұңқырларды, сонымен қатар, арматураның ашылуымен аралықтардың қорғаныс қабатының бұзылғанын көресіз. Ақаулар негізінде көпірдің жалпы жағдайы «қанағаттанарлықсыз» және «өте ауыр» деп бағаланады, яғни іс жүзінде апат алдындағы жағдай. Егер әкімдік көпірді толық қайта құру жөнінде шешім қабылдамаса, қауіпті болар еді»,- дейді құрылыс компания басшысы.
Айтуынша,осы реконструкция аясында көпір тек нығайтылып қана қоймай, 8 жолаққа дейін кеңейтіліп, жол төсемінің деңгейіне сәйкес 40 см көтеріледі.
Ал жаяу жүргіншілер көпірлері екі жақта бөлек тұрғызылады.
«Балалар, велосипедшілер және мүмкіндігі шектеулі адамдарды, арбаларды көтеруге және түсіруге ыңғайлы болу үшін пандустар салынады. Көпірдің астындағы өткел де кеңейтіліп, жөнделеді», - деп қорытындылады құрылыс компаниясының директоры.
Бұған дейін Есентай өзені арқылы өтетін көпір 1 қыркүйекте пайдалануға берілетінін жазған болатынбыз.