Оны аудандық прокуратура мен аудандық ішкі істер басқармасы және Алматы қалалық ІІБ-ның есірткі бизнесімен күрес жөніндегі өкілдері бірлесе ұйымдастырды. Жиынға жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарының төрағалары мен халық көп жиналатын «Болашақ», «Евразия», «Құлагер» сауда ортылықтарының басшылары да қатысты. Отырыста есірткі бизнесімен күрес жөніндегі аға инспектор Е. Әбдірәшев пен аудандық прокурор көмекшісі Ғабит Дүйсембаевтар баяндама жасап, есірткімен күрес жөніндегі арнайы бейнебаяндамалар көрсетті.
Ал Алатау ауданының бас прокуроры Қанат Мамаевтың мәлімдеуінше, аудан бойынша биылдың өзінде есірткіге байланысты 29 қылмыстық іс тіркелген. Осы мәселеге қатысты жақында ғана тұрғындар арасында «Ауданның қай бөліктерінде есірткі табуға болады және оның таралымына не жағдай ықпал етеді?» деген сауалнама жүргізіліп, жауаптар алынған. Жиналыс барысында жауапты қызметкерлерге ауданда бір ай көлемінде барлау жүргізіп болған соң, халық арасында қайтадан сауалнама жүргізу тапсырылды.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің біріне айналып отырған есірткімен күресте, құқық қорғау органдарының сенім телефондарына хабарласу арқылы халық өз үлесін қоса алады. Сенім телефондары: 298 50 64, 253-36-36, 253 38 38.