Алматыда есірткі мәселесіне байланысты журналистерге арналған тренинг өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында «БАҚ-ғы есірткі бизнесі, есірткіге еліктеушілік,

АҚТҚ (ВИЧ) және ЖҚТБ (СПИД) мәселелерін тарату» атты тақырыпта журналистерге арналған тренинг өтіп жатыр.

Аталмыш шараға БАҚ өкілдерімен қатар, қалалық әлеуметтік медициналық сауықтыру орталығының, есірткі бизнесімен күрес басқармасының өкілдері қатысуда.

«Бұл - біздің аймақ үшін өте өзекті мәселелердің бірі. Осы проблемаларды тарату, тұрғындарға хабар ету, жалған ақпараттарды сейілтуде, қоғамның төзімділігін қалыптастыруда, сонымен қатар, АҚТҚ- дертіне үшырағандарға байланысты стигматизация мен оқшаулаудың түбірін жоюда, сондай-ақ ВИЧ инфекциясын ауыздықтауда БАҚ-тың ықпалы мен атқарар рөлі үлкен. Өйткені, әр түрлі әлеуметтік зерттеулердің өзі осы тақырыптардағы ақпараттардың 90 пайызын халық БАҚ-дан алатындығын көрсетіп отыр. Бүгінгі тренингте журналистер қосымша білім алып қана қоймай, қабілеттерін арттыра түседі деген ойдамын», деді аталмыш тренингті өткізіп жатқан медиа-жаттықтырушы Марина Максимова.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Гүлсара Сүлейменованың айтуынша, орталық күніне 2-3 дәріс оқыса да, бір жарым миллион халқы бар бүкіл қаланы қамту мүмкін емес, сондықтан ақпарат таратуда БАҚ-ға жүгінуге тура келеді.

Ол сонымен қатар, биылғы жылы осы тақырыптар бойынша, көптеген семинарлар мен акциялар, сонымен қатар жастармен кездесулер, шерулер ұйымдастырылатындығын, сондай-ақ Алматыда метадонды бағдарлама жұмыс істей бастайтындығын жеткізді.