Алматыда есірткі пайдаланып рейске шыққан ұшқыш сотталды

Түрксіб аудандық соты «Эйр Астана» әуе компаниясының ұшқышы Роман Быковты ҚР 286-бабының 1-бөлімімен, 296-бабының 2-бөлімімен, 358-бабының 1-бөлімімен қарастырылған қылмыстық әрекеті үшін айыпты деп тауып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сондай-ақ, оған әуе көлігін басқаруға 2 жылға тыйым салынды.

Іс материалдарына сәйкес, 2016 жылдың ақпанында сотталушы белгісіз адамнан кептірілген марихуана сатып алған.

1 наурызда кедендік бақылаудан өткен соң «Алматы-Мәскеу» бағытындағы рейсті басқарып, кептірілген есірткіні өзімен бірге тасымалдап алып келген.

2 наурызда есірткіге мас күйде Алматы әуежайына келіп қонған.

Рейстен келген соң Алматы қалалық Мемлекеттік кіріс департаментінің экономикалық тергеу қызметінің өкілдері әуежайда ұшқышты ұстады.

Жүргізілген медициналық сараптама оның қанында есірткі затының барын анықтаған.