Алматыда есірткі сатумен айналысқан адам ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Мегаполисте есірткі сатумен айналысқан Алматы облысының тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция мәліметінше, шаһарда есірткі сатумен айналысқан 49 жастағы ер адам тапа-тал түсте ұсталды.

«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 49 жастағы С.есімді азамат ұсталды. Рұқсат етілген тінту кезінде бірнеше полиэтилен байламдары мен өсімдік заты және ерекше иісі бар сіріңке қораптары табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл зат жалпы салмағы 231,61 граммды құрайтын «гашиш» есірткі заты», – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.