Жедел-іздестіру шаралары кезінде Алматы қаласында «гашиш» есірткісін сатумен және таратумен айналысқан жеті адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды.
«Белгілі болғандай, Алматы қаласының аумағында есірткі заттарын заңсыз сақтау және сату мақсатында А. есімді азамат ұйымдасқан топ құрып, оған жетекшілік еткен. Аталған факт бойынша қылмыстық ұйымның ұйымдасқан тобын құру және басқару, сондай-ақ оларға қатысу, қылмыстық істері ҚР ҚҚ-нің 262 бабының 1 және 2 бөлігі бойынша тіркелді. Ұсталғандардан және тінту жүргізген жерден травматикалық тапанша, бір тегіс ұңғылы мылтық, жалпы салмағы 4,8 келі «гашиш» есірткісі тәркіленді», – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмыстарымен күрес басқармасының бастығы Ерлан Алмағамбетов.
Күдіктілерге қатысты мына баптар бойынша қылмыстық іс қозғалды:
– ҚР ҚК-нің 262-бабы, 1.2-бөлігі (Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және ұйымдастыру) – екі қылмыстық іс;
– ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-3-бөлігі (Есірткі сату) – 22 қылмыстық іс;
– ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі (Есірткіні аса ірі көлемде сақтау) – екі қылмыстық іс;
– ҚР ҚК-нің 287-бабы, 2-бөлігі (Атыс қаруын заңсыз сақтау) – екі қылмыстық іс;
– ҚР ҚК-нің 302-бабы 2-бөлігі (Есірткі жасайтын жерді ұстау) – бір қылмыстық іс.