Алматыда есірткі сатып жүргендер құрықталды

АЛМАТЫ. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы полицейлері қалада тұрақты есірткі жолдары болған бірнеше арналардың жолын жапты.

Операция кешке кешкісін қала орталығында болды. 32 жастағы Алмат есімді тұрғынды ұзақ уақыт бойы полиция қызметкерлері назарда ұстаған. Ол бір емес, бірнеше рет криминалды ортада есірткі табушы мен жеткізуші ретінде назарға іліккен.

"Біз оны ұзақ бақыладық. Ол тауарды сатып жатқан жерінде ұсталды. Тексеру барысында көлігінен үлкен спорттық сөмке табылды. Оның ішіне 15 келі марихуана жасырылғандығы анықталды. Ал оның әріптесі бүгін таң ата Медеу ауданында ұсталды. Ол көп жылдан бері есірткіні тұтынған 26 жастағы Игорь есімді азамат болып шықты", - деді Алматы қаласы ІІД-нің есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы, полиция майоры Денис Лоскутов.

Оның айтуынша, екі жағдайда да тауарлар Шудан әкелінген. "Топтың басқа мүшелері осының алдындағы операция барысында қолға түсті. Ұсталған есірткі сатушылардың барлығы тәжірибелері көп, тұрақты сатып алушылары бар адамдар. Сондықтан біз олардың барлық туған-туыстарына, жақын достарына тексеру жүргіземіз", - деді Денис Лоскутов.

Жыл басынан бері Алматы полицейлері 600 есірткі қылмысын анықтап, заңсыз айналымнан 262 келі есірткі заттарын тәркілеген.