Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, есірткі қылмысымен айналысқан топ қаланың Түрксіб ауданындағы Майлин көшесінде ұсталды.
«Күдіктілердің қолында бірнеше пакет болды. Оның ішінде өсімдік тектес заты бар 120-дан астам бума және шөпті дозаға бөліп, орауға арналған жабдық бар. Тәркіленген заттай айғақтар бойынша сот-химиялық сараптама тағайындалды. Жұптың тек есірткі таратумен ғана емес, өндірумен де айналысатыны анықталды. Соңғы іс-әрекеттері бойынша олардың сыбайластары бар екені белгілі болды. Олар - 35 жастағы ер адам мен 23 жастағы азаматша. Олар Алматы облысы Талғар ауданы аумағындағы үйлерінде қылмыстық өндірісті бастаған. Мұнда өз аймақтарында өсірілген шикізатты өңдеген», – деді Алматы қалалық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Қылмыстық кодекстың 296-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша есірткі зертханасының жұмысында пайдаланылған құралдар, дайын шикізат, бұталар тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді.
«Сот-химиялық сараптамаға сондай-ақ «саңырауқұлақ» деп аталатын сұр зат жіберілді. Күдіктілер қамауға алынды. Есірткі зертханасы жойылды. Қазір есірткі сатушылардың тұрақты «клиенттерінің» шеңбері құрылуда», – деді Ерлан Әлмағамбетов.
Фото : gov.kz