Алматыда «Есірткісіз болашақ біздің қолымызда!» деген тақырыпта әлеуметтік жарнама байқауы өтуде

АЛМАТЫ. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда жоғарғы оқу орындары мен мектеп оқушылары арасында «Есірткісіз болашақ біздің қолымызда!» деген тақырыпта әлеуметтік жарнама байқауы өтуде.

Аталмыш шараның ұйымдастырушылары - «Болашақ жастардың қолында» қоғамдық бірлестігі мен «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығы.

«Байқау қараша айының ортасында жарияланған болатын. Осы уақытқа дейін 40-тан аса жұмыс келіп түсті, оның ішінен 17 жұмыс іріктелініп алынды. Ал бейнероликтерден 15 жұмыс келіп түсті, одан ең үздік деген 5 жұмыс таңдап алынды. Байқауға жоғары оқу орындарының студенттері белсенді қатысуда. Бүгінде есірткіге қатысты мәселе қоғамды ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан бұл байқауды ұйымдастырудағы мақсатымыз - жастарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақыру, есірткіден аулақ болуға үндеу, оның денсаулыққа, адам өміріне қауіпті екендігін жастардың санасына жеткізу, қоғамды есірткі мәселесіне назар аударту болып табылады», - деді «Болашақ жастардың қолында» қоғамдық бірлестігі директорының орынбасары Жалғас Құрманбаев.

Оның айтуынша, ең үздік бейнероликтер алдағы уақытта телеарналар мен радиоларда таратылып, ал плакаттар Алматы және Алматы облыстарының көшелерінде ілінетін болады. «Бұл жарнамалар қоғамда есірткі қолданушылар санының азаюына ықпал етеді деген үміттеміз», - деді ол.

Бүгін байқау жеңімпаздары анықталып, бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталатын болады.