Алматыда этникалық қоныстану туралы алқалы жиын өтеді

АЛМАТЫ. 18 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 6 қыркүйекте Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитеті жанындағы этникалық қоныстану жөніндегі кеңестің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел жиыны өтеді.

Бұл басқосудың күн тәртібінде 2 мәселе қаралмақ. Біріншісі - ҚР Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылғы 25 мамыр күнгі Дүниежүзі қазақтарының ІҮ құрылтайында сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттерді орындау туралы. Екіншісі - «Халықтың көші-қоны жөніндегі» Қазақстан Республикасының жаңа заңына сәйкес этникалық қоныстануды ұйымдастыру жөнінде. Оны Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары, Көші-қон комитеті жанындағы этникалық қоныстану жөніндегі кеңестің төрағасы Талғат Мамашев жүргізетін болады. Ал негізгі баяндамаларды - ҚР Білім және ғылым министрлігінің диаспора мәселелерімен тікелей айналысатын вице-министрі, ҚР ІІМ Көші-қон комитетінің төрағасы және ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет директоры жасайды деп жоспарлануда.