Алматыда этнофестиваль: Мыңдаған адам жиналды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Боралдай сақ қорғандарында дәстүрлі этнофестиваль өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алатаудың баурайындағы «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде «Ұлы дала - көшпенділер әлемі» этнофестивалінде әлемнің 18 елінен 140 адам келді.

Этнофестивальді тамашалауға келген туристерге арнап этноауыл, ұлттық спорттық ойындар, садақшылар, қолөнершілер, ұсталар, бүркітшілер, аңшыларға арнайы алаңдар тігілді.

Сондай-ақ, келушілерге ұлттық тағам қойылған дастархан жайылды.

Көшпенділер мерекесіне Мажарстан, Әзербайжан, Моңғолия, Украина, Бурятия, Саха Республикасынан, Дағыстаннан адамдар келді.

Ұйымдастырушылар 7-8 маусым аралығында он мыңдай адамды күтіп алуға әзір екендіктерін жеткізді.

Антрополог Андраш Биро бастаған Мажарстаннан келген этнотуристер ат ойындарына белсене қатысты. Башқұртстаннан келген садақшылар ат үстінде әрі жаяу мергендік қабілеттерін сынады.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек те садақ атып көрді. Қырғыз елінен келген «Салбуурун» командасы атбегілік, құсбегілік, аңшылық қасиеттерін көрсететін болды.

«Этнофестивальде көшпенділер заманындағы музыка мен спорттық сайыстар салтанат құрмақ. Басты мақсат - көшпенділер заманының тарихын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру», - деді қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов.

Этнофестиваль аясында заманауи өнер көрмелері, «Тұран» этнофольклорлық ансамблі, «Хассақ» ұжымы, Түркия, Моңғолия, Алтай, Тыва, Чувашия, Қырғыз елінен келген әншілер өнер көрсетеді.

Сонымен қатар, алыптар шоуы жоспарланған. Қазақстанның 7 дүркін чемпионы, әлемнің 2 дүркін чемпионы, Гиннестің рекордтар кітабына енген Сергей Цырульников бастаған күштілер өнер көрсетеді.

Келушілерге ыңғайлы болу үшін қаланың 4 жерінен Абай мен А.Байтұрсынов қиылысынан, Шаляпин көшесіндегі 22 үйдің жанынан, Алатау дәстүрлі өнер театрынан, Алматы-1 теміржол вокзалынан арнайы автобустар шығарылды. Боралдай сақ қорғандарына жету құны - 150 теңге.

Соңғы жаңалықтар