Алматыда еуропалық талаптарға сай трамвайлар жүргізіледі

АЛМАТЫ. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Болашақта Алматының трамвай желісі қаланың батысынан Қаскелеңге дейін, шығыс бағытта Талғарға дейін ұзартылады.

Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Алматы қалалық трамвай депосының бастығы Әбдібек Мұхамеджанов айтты.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Алматының трамвай көлігін дамытудың 3 кезеңді бағдарламасы жасалған. 39 айда жүзеге асуы тиіс деп жоспарланған жобаның алғашқы кезеңінде Ақсай-Жетісу көшесі бағытындағы 4-ші трамвай жолы толықтай ауыстырылып, еуропалық талаптарға сәйкестендіріледі. Сондай-ақ әрқайсысының құны 2,5 миллион еуролық 24-30 метрлік жаңа 24 вагон сатып алынады. 1-ші кезеңнің жалпы құны 189,4 миллион еуроны құрайды. 2-ші кезеңде 6-шы бағыттың жолы ауыстырылып, жаңа вагондар іске қосылмақ. Үшінші шешуші кезеңде шағын қалалық пойыздар Алматыны Қаскелең, Талғар бағыттарымен жалғайтын болады. «Жалпы жоба аясында 100 жаңа трамвай сатып алынып, трамвай депосы салынады» дейді Ә.Мұхамеджанов. Оның айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру үшін қазіргі кезде инвесторлар іздестірілуде.

«Егер келер жылға дейін инвестор мәселесі шешілсе, 1-ші кезең бойынша жұмыстарды бастап кетеміз. Бұған шетелдік компаниялардың ұсыныстары бар. Техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Жақында арнайы қоғамдық тыңдау өткізіліп, әкімдік пен қала тұрғындары тарапынан қызу қолдауға ие болды. Өйткені бұл біздің қала үшін өте қажет. Қазіргі трамвай желілері әбден тозған. Мәселен, пайдаланатын вагондардың барлығы бұрын Германияда қолданыста болған. Егер жоба жүзеге асса, осы мәселенің барлығы шешіліп, уақыт пен энергия үнемделеді. Мысалы, қазір 4-ші бағыттағы трамвайлар Ақсайдан Жетісуге дейін 1 сағатта жүріп өтсе, жоба жүзеге асқан соң 34 минутта межеге жетеді. Бұнымен оңтүстік астанамызды еуропалық стандарттарға жақындатамыз. Жалпы тоқпен жүретін көліктерді дамыту күн тәртібіндегі мәселе. Өйткені, қаланың экологиялық ахуалын шешуге бірден-бір қажет», дейді Алматы қалалық трамвай депосының бастығы.