Алматыда Франкофони күндері өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Қазақстандағы Франция елшілігі мен Француз Альянсы және француз тілінің оқытушылары мен ұстаздары Республикалық қауымдастығының бірігіп ұйымдастыруымен наурыздың 12-нен 20-на дейін Франкофони күндері өтуде,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Франкофони күндері аясында жастар рухын дамыту, жас өскіннің шығармашылық талпынысын қалыптастыру, талантты жастарды қолдау мен олардың мәдени және білім деңгейін арттыру мақсатында әр түрлі байқаулар мен викториналар, студенттер арасында олимпиадалар ұйымдастырылды. Апта бойы француз тілін үйрететін, балалар мен үлкендерге арналған танымдық шаралар, сурет көрмелері, француз тілінде көркем сөз оқушылар байқауы өтуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараға қазақстандық жастар қызығушылықтарын танытуда.
Франкофони қоғамдастығы бес континентте 50-ден аса елдерді біріктіреді. Француз тілі бүкіл әлемде көп таралған тілдердің бірі.

Франкофони күні- бұл француз тілінде сөйлейтін елдердің мейрамы. Ұйымның негізгі мақсаты - француз тілін сүюшілердің басын біріктіру, француз және франкотілдес елдердің мәдениетін тарату және танымал болуына жәрдем беру. Бұл мереке күндері ғылыми конференциялар, филологиялық семинарлар, концерттер, таныстырылымдар, пікірсайыстар және тағы да басқа шаралар өтеді.