Бұл спорттық шараға негізінен қаладағы тұрмысы төмен отбасылардың, әлеуметтік осал топтардың балалары қатысты.
«Қазір жаз айы. Жағдайы бар отбасылардың балалары лагерьлерде және басқа да демалыс орындарында демалып жүр. Олар әр түрлі мәдени шараларға қатысады. Ал әлеуметтік осал топтардың балалары бос уақыттарын көбінесе аулаларда өткізетіні белгілі. Мұндай жағдайда жағымсыз әдеттерге бой алдыру қаупі туындайтыны рас. Біздің басты мақсатымыз - осы балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға көмектесу. Олардың арасында саламатты өмір салтын насихаттау. Есірткінің зияндылығын түсіндіру. Одан аулақ болуға шақыру. Бұл үшін біз осы салада еңбек ететін бірқатар қоғамдық ұйымдардың өкілдерін шақырдық», - деді өз сөзінде осы игі шараны ұйымдастырушы Алматы қаласы Алмалы аудандық әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ақсұңқар Әбілтаева.
Бұл шараны ұйымдастыруға «Қорғау» қоғамдық қоры, Алматы қаласы Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы және «Ұлттық медицина қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетті.
Қаладағы жазғы спорт кешендерінің бірінде өткен бұл игі шараға қатысқан «СШВСМ-Қайрат» футбол клубының қақпашылар бойынша жаттықтырушысы Азат Құрманов балаларға футбол өнерінің тарихын қызықты баяндап, осы бір танымал спорт түрінің қыр-сырын, әдістерін шынайы түрде көрсетіп, балаларды тәнті етті. Соңынан осы шараға жиналған 60 жуық баланы командаларға бөліп, кішігірім футбол турнирін ұйымдастырды.
Жарыс соңында балалардың барлығына естелік сыйлықтар мен футболдық жейделер табыс етілді.