16:44, 23 Сәуір 2009
Алматыда «Ғ. Мүсірепов оқулары» өтеді
АЛМАТЫ. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Сәуірдің 30-да Алматыдағы Ғ. Мүсіреповтың мұражай кешенінде «Ғ. Мүсіреповтың зұлмат жылдарында бастан кешкендері» атты тақырыпта дәстүрлі «Ғ. Мүсірепов оқулары» өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат жазушының мұражай-кешеніне сілтеме жасап.Шара Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасы, С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтың мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің ұйымдастыруымен өтеді. Шара аясында Ғ. Мүсіреповтың сол жылдарда бастан кешкендерін баяндайтын «дөңгелек үстел» өтіп, оған әдебиетші - ғалымдар, жазушылар, Ғабеңнің туыстары және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысады. Сонымен қатар шара аясында 22-30 сәуір аралығында С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтың мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешенінде ашық есік күндері өтеді.Бұл шара жастардың жарқын болашағы үшін ана тіліміз бен әдебиетіміздің дамуына қызмет еткісі келетін дарынды жастарға қолдау көрсету, көркемсөздің хас шебері Ғабит Мүсіреповтың көркемдік әлемімен, рухани дүниесімен таныстыру мақсатымен өткізілмек. «Ғ. Мүсірепов оқулары» сәуірдің 30 күні сағат 16.00-де өтетін дөңгелек үстел барысында қорытындыланып, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры алдындағы жазушы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.