Алматыда ғалым, ақын, жазушы Балтабай Адамбаевтың 90 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Ол өмірде де, шығармашылық қызметте де жалған айтып, жарамсақтанған кісі емес еді. Шынайы шындықты айтуға келгенде бетің-жүзің бар демейтін. Отаншыл, халықшыл, көпшіл болатын. "Тұрар Рысқұлов туралы толғаныстың" туын поэзияда бірінші көтерген Балтабай Адамбаев еді. Ол 3 томдық "Қазақ әдебиеті тарихын", 10 томдық "Қазақ совет энциклопедиясын" жазуға қатысып, айбынды авторларының бірі болды. Қылышынан қан тамған империялық заман кезінде Балтекең билер сөзінің биіктігі үшін күресті. Ғылыми еңбектерінде мақал-мәтелдердің мәйегін теріп талдап, шешендік сөздердің шырайын ашып, дала Демосфендерінің пәлсапасын жарқын жағалауға алып шықты", дейді филология ғылымының докторы Өтеген Күмісбаев. Оның айтуынша, Б. Адамбаевтың 60 жылдары жарық көрген "Шешендік сөздер", "Шешендік өнер" монографиялық еңбектері зерттеушіні жаңа белеске алып шықты. Халық ақыл-ойының қайнар бұлақтары жіктеліп, ғылыми айналымға түсті.