Алматыда «Ғасыр санасы: онтология, дін, мәдениет» деп аталатын халықаралық к конференция өтуде

АЛМАТЫ. 18 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Әлемнің 3-мыңжылдықтағы дамуы мәдениеттер мен өркениеттер, түрлі конфессиялар арасындағы қарым-қатынастар арқылы айқындалады.

Бүгін Алматыда өтіп жатқан «Ғасыр санасы: онтология, дін, мәдениет» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осылай айтылды.

«Қазіргі уақытта мәдениет пен білім, руханилық мәселелерінің өзектілігі артып отыр. Болашақта адамның негізгі қасиеттері мен келбеті мәдениеттер мен өркениеттер және түрлі конфессиялар арасындағы қарым-қатынастар арқылы анықталмақ. Дін мен мәдениет, философия мен руханилық, қоғам өміріндегі рухани келісімнің орнығуына қызмет етуі керек», - деді ҚР Мәдениет министрлігінің Діни істер жөніндегі комитетінің төрағасы Ардақ Досжан конференцияға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатында.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінің деканы Ақтолқын Құлсариеваның айтуынша, «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деген айдармен өтіп жатқан бұл шара философия ғылымының докторы, профессор Мұхаммедияр Серікбекұлы Орынбековтың 65 жылдығына арналып отыр. Ақтық демі біткенше ғылым жолынан айнымаған ұстаз-ғалымның ғылыми зерттеулері қазақ философиялық ойының қалыптасуы мен дамуының тарихи-әлеуметтік және діни-рухани алғышарттарын анықтауға бағытталды. М.Серікбекұлы қазақ философиясының мәні мен мазмұнын өткен ғасырлардың мұраларын, этномәдени дәстүрлерді, діни нанымдарды және дүниетанымдық ұстанымдарды талдай отырып айқындайды.

«Ол факультеттің философия және ғылым әдістемесі кафедрасын басқарған жылдары «Дінтану» мамандығының ашылуына және дінтанулық білім берудің қалыпасуына зор ықпал етті. Аталған мамандық бойынша білім берудің мемлекеттік стандарттарын, типтік бағдарламаларын, бакалавриат, магистратура бөлімдерінің оқу-әдістемелік әдебиеттерін дайындауға жетекшілік жасады», - дейді Ғылым философиясы және дінтану кафедрасының меңгерушісі Нағима Байтенова.