Алматыда газ беру қызметінің өкілдеріне қатысты сот үкімі шықты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «ҚазТрансГаз» АҚ қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз хатшысы Қуандық Ешімет хабарлады.

Айта кетейік, қайғылы оқиға «Әйгерім» шағын ауданындағы жеке үйде болған. Газ монтаждау жұмыстарының қате жүргізілгені салдарынан жарылыс болып екі баласымен 23 жастағы келіншек тірідей өртеніп кеткен болатын.

1,5 жылға жалғасқан сот процесі барысында "Виктория Хауз" ПИК төрағасы мен жобалаушы мен дәнекерлеуші жауапқа тартылды.

Олар ҚР ҚК 104-бабы мен 204-бабына сәйкес айыпты деп танылды.

Сондай-ақ, «Алматы газ желісі» АҚ қызметкері де Қылмыстық кодекстің 25- бабына сәйкес айыпты деп танылды.

Үкімді Алатау аудандық сотының судьясы Мұрат Шолпанқұлов шығарды.

«Сотталушы Денис Кречетов, Александр Ческов, Тимур Тұрдыақынов мен Қарлын Тұрсынов 3 жыл 2 айға бас бостандығынан айрылды. Олар жазасын қоныс колониясында өтейтін болады. Ольга Пеличева 3 жылға бас бостандығынан айрылды», - деді Қуандық Ешімет.

Сондай-ақ, сот «ҚазТрансГаз Алматы» жапа шегушінің отбасына 17 млн. 891 мың теңге көлемінде моральдық шығын төлейтін болды.

Басқа айыпталушылар қайғы жұтқан отбасыға 12 млн. теңгеден өтемақы төлеуге мәжбүрленді.

Судьяның айтуынша, өрт қауіпсіздігін тексеру ұйымының басшысы бола тұра Пеличева жұмыс істеуге тиісті лицензиясы жоқ мердігер компаниядан аталған үйді газ құбырына қосу туралы құжатын қабылдап алып, «ҚазТрансГаз» АҚ-ға тапсырған.

Өз кезегінде «ҚазТрансГаз» газ құбырын дұрыс монтаждалғанын тексермей газ беріп жіберген. Соның салдарынан 2013 жылдың 25 қазанында үйде қатты жарылыс болып, үш адам ажал құшқан.

Сараптама қорытындысы көрсеткендей, үйде газ құбырының жапқышы дұрыс жоспарланбаған болып шықты.