Алматыда газ құбырын жөндеу жұмыстарына байланысты автокөліктердің жүруі шектеледі
23:42, 14 Тамыз 2023
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жерасты газ құбырын жөндеу жұмыстарына байланысты Папанин көшесінде авто, мотокөліктердің жүруі шектеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
15 тамыз - 15 қараша аралығында Түрксіб ауданының Папанин көшесінің бойында, атап айтқанда, көшенің Беляков көшесімен қиылысынан бастап Руставели көшесінің қиылысына дейін авто, мотокөліктердің жүруі шектеледі.
«Аталған жұмыс Алматы қаласының газ бөлу жүйесінің өткізу мүмкіндігін ұлғайту, жерасты газ құбырларын жаңалау мақсатында жүргізіліп жатыр. Бұл шара өз кезегінде апаттық жағдайлардың азаюына және мегаполис халқына үздіксіз газ беру мүмкіндігінің артуына септігін тигізеді», - деп хабарлады «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалы.Компанияның баспасөз қызметі тұрғындарды бағыт-бағдарды алдын-ала ойластырып, уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырды.