Алматыда газбен және электр қуатымен жүретін автобустар саны артады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Алматыда газбен және электр қуатымен жүретін автобустар саны артады. Биыл мегаполиске сатып алынатын 600 автобустың 100-і қыркүйек айында жолға шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы бірнеше сағаттық көлік кептелістері азаматтардың денсаулығына кері әсер етіп қана қоймай, қала экономикасы мен экологиясына да айтарлықтай зиян келтіретінін айтқан болатын.

«Қоғамдық көліктердің тартымдылығын дәйекті түрде арттыра отырып, жеке көліктерді пайдалануды азайту жайын ойластыру керек. Ол үшін метро желісін кеңейтуді жалғастыру қажет. Ескірген және экологияға зиян келтіретін көлік түрлерінен бас тарту керек. 2025 жылдан кейін Алматы көшелерінде дизельді автобустар қалмауға тиіс. Оларды газбен және электр қуатымен жүретін көліктер алмастырады. Алматыда оны табысты дамытудың мол тәжірибесі бар. Транзиттік жүк тасымалының басым бөлігін Үлкен Алматы айналма жолына көшіру де қалаға оң әсерін тигізеді. Бұл үшін 6 радиалды және 4 ішкі негізгі көше салу қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Биыл Алматыдағы қоғамдық көлікті экологияландыру үшін газбен жүретін 600 жаңа автобус және коммуналдық парк үшін 100 троллейбус сатып алу көзделген.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, жаңа оқу жылы басталғанға дейін 100 жаңа автобус қолданысқа беріледі. Қазіргі уақытта қалалық автопарк 30 автобуспен толықты, қалған 70-і жақын арада келуі тиіс.

«Бұл автобустар есебінен жылжымалы құрам №37, 38, 38а және 201 маршруттарда жаңартылады. Әрі №24, 125, 131 маршруттарға автобустар қосылады, яғни қолданыстағы маршруттар жаңа автобустармен толығады», - деп хабарлады әкімдіктен.

Қалған 500 автобусты сатып алуға шарт жасалды.

Бұған қоса, осы жылдың басынан бастап 5 жаңа автобус бағыты ашылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде газбен және электр қуатымен жүретін автобустардың үлесі 2023 жылы 46%-ке дейін артады, дизельді автобустардың үлесі 41%-ке дейін төмендейді.

Айта кетейік, жақында Алматы әкімдігі талапты орындамаған жолаушылар тасымалдайтын «Автотрансгаз» ЖШС компаниясымен келісімшартты бұзды.

2023 жылдың 24 шілдесінен бастап «Автотрансгаз» ЖШС қызмет көрсеткен сегіз маршрут төрт тасымалдаушыға берілді. Алматы әкімдігі жұмыс күні маршруттардың тоқтауын болдырмау үшін осы компанияның жолаушылар тасымалы саласындағы қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуына байланысты осындай жедел шара қолдануға мәжбүр болды.

Бұрын хабарланғандай, міндеттемелерін орындамауына байланысты осы ұйымға талап қойылған. Компанияның барлық маршрутында толық қызмет көрсетілмей, тасымалдау сапасына теріс әсер етті. Жолаушылар тарапынан автобустардың жай-күйіне, жүріс аралығына және техникалық себеппен қозғалысқа шықпауына қатысты қисынды сын айтылды. Бұл ретте, әкімдіктің субсидия төлеу жөніндегі барлық міндеттемесі толық көлемде орындалды.

Алматы қалалық мобильділік басқармасы қолданыстағы тасымалдаушылар арасында бағыттарды уақытша бөлу бойынша жедел шаралар қабылдады. Соның нәтижесінде 8 бағыт қаланың төрт тасымалдаушысына берілді. Қажет болған жағдайда жылжымалы бірліктер кезең-кезеңімен көбейтіледі.

Мәселен, №112 маршрутта «Алматыэлектротранс» ЖШС 5 автобустың орнына 10 автобус шығарады. Сонымен қатар, коммуналдық автопаркке №126, 16 және №3 маршруттар берілді, онда желіде тиісінше 8, 9 және 2 автобус жүреді.

«ДуманТранском» компаниясына №29р (2 автобус) және №47 (12 автобустың орнына 16 автобус) бағыттары берілді.

№29 маршрут «Экобас» жеке тасымалдаушысына берілді, ол желіге 12 автобус шығарады.

№85 маршрутта енді «АвтоАлматранс» ЖШС қызмет көрсетеді, ол 10 автобусты іске қосты.

Енді Алматыда 24 компания жолаушылар тасымалымен айналысады.

Алматы облысындағы 200 мың тұрғыны бар 89 елді мекенді қамтыған 10 қала маңындағы маршрутты ашу жоспарға енген.