Алматыда «Газель» жоғары жылдамдықта жүк көлігіне соғылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жол-көлік апаты салдарынан жүргізушілердің бірі жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көлік апаты Жетісу ауданында Бөкейханов көшесі мен Рысқұлов даңғылы қиылысындағы көпірде болды. «Газель» көлігінің жүргізушісі жүк көлігіне жоғары жылдамдықпен келіп соғылған.

Оның видеосы әлеуметтік желілерде тарады.

«Апат салдарынан «Газель» жүргізушісі екі аяғынан жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккен өзге адамдар жоқ. Қазіргі уақытта бұл факті Жетісу аудандық полиция басқармасының әкімшілік-тәжірибелік бөліміне жіберілді. «Газель» жүргізушісі алған жарақаттардың ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалады»,– деп хабарлады полиция департаментінен.