Алматыда гендерлік саясат саласындағы заңдарды жетілдіру мәселелері талқылануда

АЛМАТЫ. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдері туралы» ҚР Заңын іске асыру тетіктері» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараны ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен БҰҰ Даму бағдарламасы «Ұлттық комиссияны Қазақстан Республикасында гендерлік теңдікті қамтамасыз ету шараларын жетілдіру бойынша қолдау» атты бірлескен жобасы аясында ұйымдастырған.

ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлтық комиссия хатшылығының меңгерушісі Серік Ахметовтің айтуынша, басқосу «Елімізде гендерлік теңдікке қол жеткізу жөніндегі ұлттық механизмді қалыптастыру жөнінде ұсынымдар» мен «Гендерлік теңдікке қол жеткізу жөніндегі ұлттық механизмнің жұмыс істеу мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға арналған нұсқаулықты» талқылау, сондай-ақ құжаттарды одан әрі өңдеу бойынша ұсынымдар әзірлеу мақсатында өткізілуде.

«Бұл қос заң өткен жылы желтоқсан айының 8-і күні қабылданды. Бұл заңдар тиімді жұмыс істеу үшін ұсыныстар мен талқылаулар қажет. Сондықтан бүгін сарапшылардың басын қосып, алғашқы отырысты өткізуді жөн көрдік», дейді С.Ахметов. Отырысқа еліміздің әр аймағынан 50-ге жуық сарапшылар қатысуда. Алқалы жиын жұмысының нәтижесінде олардың ұсыныстары қолданыстағы гендерлік теңдік жөніндегі халықаралық нормалар мен ұлттық заңнаманы жетілдіру үшін құзырлы органдарға жіберілмек.