Алматыда география ғылымының мәселелері талқылануда
Бұл туралы бүгін Алматыда «Қазақстан Республикасындағы қазіргі замандағы тенденция және географиялық ғылымның дамуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында география ғылымының докторы, профессор Шәріпжан Надыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«География ғылымына тән жинақтылық кең ауқымды географиялық негізде процесстерді және географиялық құбылыстардың уақыт кеңістігіндегі заңдылықтарды зерттеуге мүмкіндік береді. Өкінішке орай, Кеңес Үкіметінің ыдырауы кезінде географияның рөлі әділетсіз және негізсіз төмендетілді. География ғылымының потенциалы қажетсіз болып қалды, ал географиялық білім - қатты қысымға ұшырады. Дегенмен, географиялық зерттеулер мен географиялық білімнің маңыздылығы бүкіл әлемде күннен күнге артып келеді. География соңғы кезде қатты айтылып жүрген бүгінгі заманғы техногенді, экологиялық, әлеуметтік - экономикалық және саяси сипаттағы мәселелермен тікелей байланысты», деді география ғылымының докторы, профессор Шәріпжан Надыров.
Конференция жұмысына Ресейдің, Германияның, Ұлыбританияның және өз еліміздің ғалымдары қатысуда. ОларТәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның география ғылымының бүгіні мен ертеңін талқылап, әдістемелік және теориялық мәселелерді қарауда.
Конференция алты секция бойынша жұмыс істеуде. Физикалық география және геоэкология секциясында геоэкологияның қазіргі мәселелері, рационалды қоршаған ортаны қолдану және қоршаған ортаның экологиялық жағдайы қарастырылып жатса, Гидрология және метеорология секциясында бүгінгі таңда назар аударып отырған мәселе - Қазақстан аумағының гидроэкологиялық қауіпсіздігі және ауаның ластануы талқылануда. Ал, Геоморфология және картография секциясында Қазақстан Республикасындағы экзогендік және эндогендік жүйелер қарастырылуда. Ал, Рекреация және туризм секциясында туризм географиясының өзекті мәселелері, рекреациялық жүйелердің қазіргі жағдайы мен даму болашағы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың туристік әлеуеті, туристік инфрақұрылым дамуының қазіргі деңгейі, сонымен қатар Қазақстан аумақтарындағы мамандар дайындау мәселелері сөз болуда. Бұл секцияда сондай-ақ, техника және технологияның дамуына байланысты географияны Жерді қашықтықтан зерделеу (ДҚЖ) және ГАЖ (географиялық ақпараттар жүйесі) технологияларды пайдалану тәсілдері талқылануда.
Конференция барысында «Қазақстанның физикалық географиясы» атты оқу құралының тұсаукесер рәсімі өтті. Оқу құралы биология ғылымдарының докторы, профессор Александр Науменконың редакциялауымен, аталмыш университеттің баспасынан 500 данамен жарық көрді. Онда Қазақстан табиғатының қалыптасуы мен бүгінгі жағдайы және заңдылықтары сарапталынған. Кітапқа соңғы он жылдағы жаңа материалдар енгізілген. Оқу құрал география мамандығы бойынша білім алатын студенттерге арналған.