Алматыда «Германия апталығы» өтеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда үстіміздегі жылдың 1-10-шы қазаны аралығында «Германия апталығы» өтеді. Бұл туралы бүгін арнайы баспасөз мәслихаты барысында Германия Федеративтік Республикасының Алматыдағы Бас консулы Ренате Шимокрайт мәлім етті.

«Биыл батыс және шығыс Германияның біріккеніне 25 жыл толады. Сондықтан, біз алматылықтар мен қала қонақтарын неміс халқының әлеуметтік, мәдени және ғылыми өмірімен жақын таныстыруды жөн көрдік. Осыған байланысты қызықты бағдарлама әзірленді», - деді Бас консул. Сонымен, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік музейде «Германия Мануфактурасы» атты көрме апталығы болады. Онда ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндлыықтар мен дағдылар көрермендер назарына ұсынылады. «Көрмеде 10 бірегей көне өндіріс әдісі арқылы қолөнердің жаңа заманауи технологиялардың пайда болып жатқанына қарамастан әлі де қолданылып келе жатқаны көрсетіледі. Одан басқа, музейде неміс суретшілерінің көрмесі ашылады», - деді Р. Шимокрайт. Бұл күндері қаланың әр түрлі алаңдарында 30-ға жуық шаралар өтеді. Солардың ішінде театрландырылған көрсетілімдердің, шарап фестивалінің, ғылыми конференциялар, концерттер және неміс киносы бойынша кинофестивальдің өтетінін атап өтуге болады. «Апатылық соңында «Германия экономикасының күні» шарасы ұйымдастырылады. Онда екі ел компаниялары өзара ынтымақтасу жолдарын талқылап, Қазақстан мен Германияның жоғары қызметтегі шенеуніктеріне өз ұсыныстарын білдіре алады», - деді Р. Шимокрайт.