Алматыда Гиннес рекордын орнататын құрақ көрпе қалай тігіліп жатыр
Аптаның әр сенбісі мен жексенбісі қаладағы Арбат алаңы үлкен шеберханаға, нағыз рухани жаңғыру алаңына айналады.
Мұнда рекордтық Құрақ көрпені тігуге қалалық кітапханалар желісінің қызметкерлері ғана емес, әр қала тұрғыны, зейнеттегі апалар келіп көмектесіп жатыр.
Рекордты көрпені тігуге Алматы қалалық кітапханасының шеберлері жұмылдырылған.
22 наурызда алғашқы құрағы тігілген ені 2,5 метр, ұзынды 4 шақырым болатын құрақ көрпенің бүгінде ою-өрнекті көздері біртіндеп құралып келеді. Ісмерлер 1 ай ішінде 975 метр құрақ дайындады.
20 жастағы қыздардан бастап 60-ты еңсеріп қалған әжелер бесжұлдыз, қияқ, шаршы, қияқгүл, раушан гүл, қошқар мүйіз, шахмат формасында түрлі құрақ құрап жатыр.
Әркім өз ойындағы қиялын қағаз бетіне түсіріп, шығармашылық эскизбен жасауда.
«Мен өзім зейнеттегі кісімін. Балаларым өсіп өз алдына шаңырақ құрып кетті. Менталды университетте қызмет жасаймын. Жұмыстан, немерелерімнен бос уақытымда осында келіп көрпе құраймын. Қазіргі жастар ине ұстамайды, түйме қадауды білмейді. Осының барлығын жастарға үлгі ретінде көрсетіп жатырмын. Қала күніне үлесімді қосайын деп келіп отырмын. Қазақ салты үшін көрпе құрау өнерінің маңызы зор. Қыз тұрмысқа шыққанда да 9-ы (жасау) бар ма екен деп сұрайтындар болады. Құрақ көрпенің де өз жөн-жоралғысы болады. Қызға 9-11 көрпе береді. Оның төрге төсейтін көрпесі бар, жамылатын көрпесі бар. Ұлға 5 көрпе береді. Ол енші деп айтылады. Одан бөлек қонақ көрпе, құдағи көрпе, жас жұбайларға арналған аққу махаббат көрпелері болады», - деді С.Бегалин атындағы балалар кітапханасына ерікті ретінде тіркелген Гүлсім Бұлантаева.
Тігін тігуге келген келіншектердің арасында кітапхана қызметкерлерінен бөлек қала тұрғындары, еріктілер де бар.
Шеберлер Арбатта үлгере алмай қалған жұмыстарын үйді-үйлеріне алып кетіп, үйірмедегі шеберханаларда тігін машинасымен жалғастырып жатыр.
Қала тұрғындары мен ісмерлерінің, қонақтарының қолы тиген, ізі қалған құрақ көрпені 22 қыркүйек қала күнінде Гиннес рекордтар кітабының өкілі келіп, өлшейтін болады.
4 шақырымдық көрпе бірнеше бөліктерге бөлініп, қаладағы кеңселерге сыйға тартылып, музейлерге экспонат ретінде қойылады.
«Құрақ көрпенің әр бөлшегі Отанымыздың сан алуандығын: оның даласын, тауы мен өзенін көрсетеді, ал басты символ - халықтың бірлігі. Қазақстанда 130-дан астам ұлт тұрады. Көрпенің құрақтары тұтас жамылғыға айналып, еліміздің тұтастығын паш етеді», - деді жобаның басты ұйымдастырушысы Алматы қаласы Мәдениет және мұрағаттар басқармасы.