Әдеттегіден тыс оркестр әуенін тыңдау үшін көрермендер концертке келмей, керісінше өнерпаздар адамдардың ортасына өздері шықты.
Фестивальдің алғашқы күнін Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрі мен «Сазген сазы» ансамблі ашты.
Музыканттар Құрманғазы, Жаяу Мұса, Нұрғиса Тілендиев, Ықылас, Кенжебек Күмісбеков, Ескендір Хасанғалиевтың шығармашылығынан композиция орындады.
Халық аспаптары оркестрі ұлттық туындылардан бөлек әлемдік классика шедеврлерін құйқылжытты.
Алматы аспанында «Севильский Цирюльник» операсынан Россини әуені, Шарль Демон, Мишель Вокер композициялары, атақты Астор Пьяццолланың танголары әуеледі.
Фестивальдің екінші күнінде сахнада Голливуд кейіпкерлеріне «жан бітті».
Алматы әкімінің симфониялық-эстардалық оркестрі Александр Беляковтің жетекшілігімен және Қанат Ахметов басқарған Мемлекеттік үрлемелі аспаптар оркестрі Голливуд фильмдері мен мультфильмдеріндегі саундтректерді орындады.
Ал сахнада «Звездные Войны», «Титаник», «Такси», «Кариб теңізінің қарақшылары», «Мадагаскар», «Розовая Пантера», «Чикаго», «Кабаре» туындыларының кейіпкерлері сомдалды.
Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әртістері мен Алматыдағы семсерлесу мектебінің тәрбиеленшуілері өнер көрсетті.
Дирижердің айтуынша, ҚР Мемлекеттік үрлемелі аспаптар оркестрі 20 жылдан бері осындай тың идеяларға толы концерт беріп келеді.
«90-жылдардан бастап біздің оркестр Жаңа жылға, 8 наурызға арнап концерт беріп жүр. Бағдарламаны барынша қызықты етуге тырысамыз. Осындай концерттерімізге билет 1-2 ай бұрын сатылып кетеді. Біздің әдеттегі концертімізге келушілеріміз де көбейді»,- деді оркестрдің бас дирижері Қанат Ахметов.
Ашық аспан астындағы музыкалық кештер алмтылықтардың көңілінен шықты.