Алматыда грек-рим күресінен ересектер арасында Қазақстан чемпионаты басталды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыдағы Достық спорт кешенінде грек-рим күресінен ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оған Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы қалаларынан жеке командалар қатысып жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 160 балуан жеті салмақ дәрежесі бойынша енді екі күн бойы өзара күш сынасып, жеңімпаздардан ұлттық құрама жасақталатын болады. Оларға халықаралық дәрежедегі төреші Ерік Жұмабеков бастаған қазылар алқасы қазылық жасауда. Бас бапкер Мұратхан Қасымхановтың айтуынша, ұлттық құраманың алдында тұрған қазіргі басты міндет Үндістандағы Азия чемпионатында, Қытайдағы Азия ойындарында және Ресейдегі Әлем чемпионатында сәтті өнер көрсету болып отыр.