Алматыда ғылыми-педагогикалық кадрларды аттестаттау жүйесін жетілдіру жөнінде аймақтық кеңес өтті

АЛМАТЫ. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыдағы ҚазҰАУ-де ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы қадағалау комитеті Қазақстан Республикасында жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды аттестаттау жүйесін жетілдіру жөніндегі мәселелер бойынша аймақтық кеңес өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2008-2009 жылдары диссертациялық кеңестер жүйесіне оңтайландыру жүргізу барысында ірі аймақтық докторлық кеңестер біріктіріліп, құрылған.

Қазақстанда басқа мемлекеттер сияқты ғылым докторы мен кандидаттарының ғылыми дәрежесін беру, кадрларды даярлаудың дәстүрлі классикалық жүйесі қызмет етіп келеді. Соңғы оқыту кезеңінде PhD философия докторының дәрежесі берілетін болған.

Алқалы жиында ҚР БҒМ-нің білім және ғылым саласындағы қадағалау жөніндегі комитетінің төрағасы Найман Қалабаев баяндама жасап, 2009 жылғы ғылыми-педогогикалық кадрларды аттестаттау жүйесі жұмысының қорытындысына, кеңестер қызметінің кемшіліктеріне, диссертациялардың сараптау сапасының төмендігіне, PhD бағдарламасы қызметінің алғашқы нәтижелері мен басқа да мәселелерге тоқталды.

«Кейбір адамдар ғылыми жұмыстарын қазақша жазып келеді, бірақ та өзі қазақша екі сөздің басын құрай алмайды, немесе орысша жөнді білмейді, дегенімен орысша жазып келеді. Тіптен не жайында жазғандарын өздері де түсіне бермейді», дейді Н. Қалабаев.

Кеңеске Қазақстандағы 150 диссертациялық кеңестің ғалым хатшылары, жоғары оқу орындарының ғылыми жұмыс жөніндегі проректорлары және сараптау кеңесінің өкілдері қатысты.