Мәслихат барысында «Жас ғалымдардың ең үздік Кеңесі» жеңімпаздары марапатталып, ТМД елдері жас ғалымдары кеңестерімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Сондай-ақ Инновациялық технологиялар, мультимедия және телекоммуникациялар көрмесі ашылды.
«2008 жылдан бері 44 жас ғалым түрлі зерттеулер бойынша және 39-ы халықаралық форумдарға қатысып, тәжірибеден өтуге гранттар алса, 29-ы ҚР Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ ағымдағы жылы ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспондентіне сайлауға біздің қордың 4 лауреаты қатысты», - дейді ҚР Тұңғыш Президенті қорының атқарушы директоры Сағындық Нұраханов. Оның айтуынша, конференция бағдарламасында «Қазақстандағы табысты бизнес» деп аталатын дөңгелек үстел жиыны мен «Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар», «Жаратылыстану-техникалық ғылымдар» секциялары және Жас ғалымдардың, әлеуметтанушылар мен саясаттанушылардың күзгі сессиясы жоспарланып отыр.