Алматыда халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығына арналған мерекелік шаралар өтуде

АЛМАТЫ. Қазанның 23-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыда қазақтың көрнекті ақыны, жырау Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығына арналған мерекелік шаралар басталды. Кеше ақынды еске түсіруге арналған кеш болып өтті.

Онда «ASU PICTURES» креативті тобы түсірген «Нұрпейіс Байғанин» деректі фильмі көрсетілді. Онан соң танымал «Роксонаки» тобы Н. Байғанин сөздеріне жазылған әндерден концерт берді. Ондағы кей әндер алғаш рет орындалып отыр.

Сонымен қатар, шаралар аясында 26-шы қазан күні М. О. Әуезов атындағы мұражай-үйінде «Нұрпейіс Байғанин және халық музыкасы» тақырыбында дөңгелек үстел мен 28-ші қазан күні Орталық көрме залында «Қазақ эпосының ғажайып әлемі» атты балалар шығармашылығы көрмесі өтеді.

«Бұл шаралардың барлығы қазіргі қазақстандықтар үшін. Көрмеде балалар, еске алу кешінде музыканттар, дөңгелек үстелде танымал ғалымдар, мәдениеттанушылар, музыканттар қатысады. Қазақ даласының даңғайыр ақынына біз осылай құрмет көрсетеміз. Бізге түсіруге мүмкіндік туған фильм де, қазақтың дәстүрлі әндерін нақышымен орындаған «Роксонаки» де ұнап қалды. Сонымен бірге, балалардың қазақ мәдениетін қалай танып жатқаны да тамсандырды. Біз осы қуанышымызды бәрімен бөліскіміз келеді», - деді Н. Байғанин атындағы мәдениет қорының осы шараны ұйымдастырушылары.

Бұл сөздерді ұлы ақынның немересі әрі қор жетекшісі Ерболат Байғанин де толықтырды. «Мен атамның қалдырған мол мұрасының еліміздің мәдениеті үшін маңызды әрі құнды екенін түсіндім. Сондықтан, өз мамандығыма қатысы болмаса да сол мұралардың жаңа дәуірін бастауды жөн көрдім», - деді ол.

Нұрпейіс Байғанин қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданында 1860 жылы дүниеге келген. Ақындық өнерді ең алғаш анасынан үйренген. 16-17 жасынан-ақ «бала жыршы» атанып, Абыл, Шернияз, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Қазақбай, Сабыр тәрізді белгілі ақындардан үлгі алады, бірқатарымен айтысқа түседі. Ол негізінен «Құбығұл», «Төрехан», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты жыр-дастандарды жырлаған. Сонымен бірге, «Ақкенже», «Нарқыз» сияқты өз туындыларын шығарды. 1940 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.