18:56, 30 Наурыз 2009
Алматыда Халық театры күні кең көлемде аталып өтілді
АЛМАТЫ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Алматының барлық театрлары бас қосты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сахна ұжымдарының мейрамына орай ұйымдастырылған шара осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Бұл жолы да театрлардың көркемдік жетекшілері, режиссерлері мен әртістері, сондай-ақ басқа да қызметкерлері Алматы әкімінің атынан арнайы марапатқа ие болды. Мақтау қағазы мен естелік сыйлықты Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов табыстады. «Жалпы Халықаралық театрлар күні елімізде мемлекеттік мейрам ретінде аталмайды. Дегенмен, Алматы әкімдігі биылдан бастап осы күнді қаламыздың күнтізбесінде қызыл санмен белгілейтін болады. Ол үшін уақыт та, арнайы ресурстар да бөлінеді», - деді құттықтау сөзінде С. Сейдуманов. Салтанатты шара барысында театр тақырыбында қалам тербеп жүрген журналистер де назардан тыс қалған жоқ. Бірқатар БАҚ өкілдері Алматы әкімінің арнайы мақтау қағазымен марапатталды.