Алматыда "Халық тұтынатын тауарлардың инновациялық технологиясы, сапасы және қауіпсіздігі" деген тақырыпта халықаралық ғылыми - тәжірибелік конференция өтіп жатыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Ұлттық инженерлік академияның, Алматы технологиялық университетінің, «Сымбат» сән бизнес академиясының және «Легпром» ЖШС-нің ұйымдастыруымен өтіп жатқан конференция жұмысына еліміздің және шет елдердің ғалымдары мен жеңіл өнеркәсіп саласының танымал мамандары қатысуда.
Конференцияда тұтынушылардың тұтыну тауарларындағы сұраныстарын қанағаттандырудағы жеңіл өнеркәсіп саласының дамуы мәселелері, өндіріске жаңа технологияларды тарту, кәсіпорынның техникалық деңгейін көтеру, жаңа құрал-жабдықтарды құру, дизайнды жақсарту, халық тұтынатын тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігі, сонымен қатар, жеңіл өнеркәсіп саласына инженерлік және ғылыми кадрлерді дайындау мәселелері талқылануда.
Сондай-ақ, жұмыс барысында Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласының даму тұжырымдамасын дайындау және қабылдау мәселесі қаралатын болады.
«Бүгінгі конференцияны Әбдіразақ Жомартовтың мерейтойымен ұштастырып отырғанымыз тегін емес, ол - машина жасау және станок жасау саласын жетілдіру мен зерттеулеріне баға жетпес үлес қосқан, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп саласының ең алғашқы ғалымдарының бірі. Оның көптеген ғылыми зерттеулері, инженерлік есептеу, тоқыма жобалау, тігін құралдары саласына енгізілді. Ол тоқыма және жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына үлкен еңбек сіңірген адам», деді Алматы технологиялық университетінің ректоры, академик Құралбек Құлажанов.