Алматыда халықаралық білім беру көрмесі өтті

АЛМАТЫ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Елена Ильинская/ - Алматыда наурыздың 28-інде «Экономикалық және бизнес білімі» халықаралық көрмесі ашылды.

Көрмені Begin Group компаниясы ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Көрмені ұйымдастырудағы мақсат - білім беруді дамытудың заманауи бағыттары мен перспективаларын анықтау, еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына қажетті кәсіптер мен мамандықтарды насихаттау, жастарға болашақ мамандықты таңдауда көмектесу, оқу үдерісін жақсарту үшін жаңа технологиялар мен құралдарды анықтау, білім беру саласын түрлендірудің оң нәтижелері туралы объективті мәліметтер базасын құру болды. Көрме аясында Қазақстандағы және шет елдердегі бірқатар бағдарламалардың, шет елдердегі мамандандырылған бизнес-білімін берудің, стипендиялар мен гранттар туралы ақпараттардың, басшыларға арналған және қосарланған диплом бағдарламаларының, TOEFL мен GMAT-қа даярлықты, іскерлік шетелдік тілдер курстарының, жетекші бизнес-мектептердің таныстырылымдары өтті. Екі күнге созылған көрмеге 20 шақты оқу орны қатысты.