Алматыда Халықаралық есірткіге қарсы күрес күніне орай жастардың шеруі өтті

АЛМАТЫ. Маусымның 26-сы. ҚазАқпарат /Жанар Шағалақова/ - Бүгін Алматыда «Біз есірткіге қарсымыз! Салауатты өмір салты үшін!» деп аталатын ұранмен Халықаралық есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне арналған жастардың қалалық шеруі өтті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Бұл іс-шара жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, жастардың  есірткіге қарсы ой-пікірін бөлісу мақсатында, қалалық әкімшілік тарапынан ұйымдастырылды. Жастар шеруіне 14 пен 19 жас аралығындағы жалпы саны 1500-ге жуық қала жастары мен жасөспірімдер  қатысты.

 Аталмыш шеруге қатысушылар  қаланың негізгі көшелері арқылы Орталық мәдениет және демалыс саябағының концерт алаңқайына бет алды. Онда   Демалыс орталықтары арасында өткен V қалалық спартакиаданың салтанатты жабылу рәсімі болады.

"Бұл жерде ұлттық спорт түрлерінен жеңіске жеткендерді және  спартакиаданың жақсы өтуіне белсене ат салысқандар мен басқа да қолдау көрсеткендер марапатталады. Сондай-ақ  Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен  гала-концерт өтеді", дейді Алматы қалалық Мемлекеттік жастар саясатын дамыту қорының маманы Венера Нұржанова.