Алматыда Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне орай бірнеше іс-шаралар өтеді

АЛМАТЫ. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне орай «Тарихи-мәдени және табиғи ескерткіштерді сақтаудағы мәселелер» атты «дөңгелек үстел» отырысы өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бас қосуға қатысушылар жаңа жағдайдағы тарихи-мәдени және табиғи ескерткіштерді қорғауға байланысты мәселелерді, қорғаудағы нормативті-заң базасын, ескерткіштерді қайта жөндеу, қалпына келтіру, жаңғырту мәселелерін талқылады.

Алматы қаласының тарихи-мәдени мұра және табиғи ескерткіштерді қорғау мәдениет басқарамасының бөлім бастығы Нұрлан Атығаевтің айтуынша, аталмыш мерекеге орай алдағы күндері бірнеше іс-шаралар өтеді. «Барлық ескерткіштер қойылған орындарда, «Боралдай сақ қорғаны» археологиялық паркінде сенбіліктер өтеді. Сонымен қатар, әдеби оқылымдар, гүл шоқтарын қою рәсімдері ұйымдастырылады. Сондай-ақ Д.Қонаев мұражай-үйінде және Алматы қаласының тарихи мұражайында ашық есік күндері болады», деді ол.

Отырыс барысында ескерткіштерді қорғау саласында бірқатар мәселелер бар екендігі айтылды. «Біздің заңдық нормада қарама-қайшылық бар. Ескерткіштерді қорғау туралы заңдық актілерді бір жөнге келтіру керек. Өйткені, арасында бір-біріне қайшы келетін дүниелер көп», деп атап өтті Нұрлан Атығаев.

А.Марғұлан атындағы Археологиялық институттың директоры Карл Байпақовтың айтуынша, кезінде Алматы сақ қорғандарына толы болатын. "Соңғы уақыттағы үй құрылыстары көп салынғандықтан, бай тарихи-мәдени мұралардың 95 пайызын жоғалтып алдық", деп атап өтті танымал ғалым.

«Дөңгелек үстел» отырысына ғалымдар, архитекторлар, скульпторлар, халықаралық ұйымдар мен аудан әкімдігінің өкілдері қатысты.