Алматыда Халықаралық этнофорум өтеді
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мәлім еткендей, 18-21 сәуірге жоспарланған айтулы шараны Халықаралық этноспорт конфедерациясы мен ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығы ұйымдастырып отыр.
Жиынға әлемнің 30-ға жуық мемлекетінен 150-ден астам этноспорт делегациялары қатысады.
Олардың ішінде бірқатар мемлекеттің спорт министрлігі басшылары, ұлттық спорт саласының майталмандары, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушылар мен төрешілер, спортшылар, сондай-ақ қоғам қайраткерлері бар.
Форумда дәстүрлі ойындар мен спорт түрлерін әлем бойынша дамыту, Қазақстанда өтетін І Бүкіләлемдік этноспорт ойындарын өткізу, Түркияда 2020 жылы ұйымдастырылатын IV Дүниежүзілік көшпенділер ойынын жетілдірудің жолдары және басқа да әлемдік этноспорт саласының өзекті мәселелері талқыланады.
Шараның өтуіне Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA) де қолдау білдіріп отыр. Ал, халықаралық шараның Бас серіктесі - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры».