Алматыда халықаралық ғылыми конгресс өтіп жатыр

None
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 4-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы  қаласында Халықаралық бизнес университетінің ұйымдастыруымен «Ғаламданудағы Қазақстан: әлеуметтік-экономикалық және мәдени салалары» тақырыбында бірінші халықаралық ғылыми конгресс өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеше басталған бұл шараға Қырғызстан, Испания, Оңтүстік Корея, АҚШ елдерінің ғалымдары мен мамандары және отандық 15 жоғары оқу орындарының өкілдері қатысуда.

Мәжілісті университет ректоры, профессор  Геннадий  Гамарник  өзінің құттықтау сөзімен ашты. Оның айтуынша, «дарынды ұрпақ» тәрбиелеу мәселесі бойынша бірегей ұсыныстарды даярлай отырып, студенттік жобалар мен ғылыми зерттеулердің интеграциясы бойынша жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсу қажет. «Шараның негізгі мақсаты - ғаламдану кезіндегі Қазақстан қоғамының экономикалық, әлеуметтік және мәдени өзгерістері мен Қазақстан экономикасының ілгері дамуындағы қаржы және ақпарат технологияларының орнын талқылау», дейді ректор.

Шара барысында «Қазақстанның экономикасының интеграциялық процестер кезіндегі дамуының негізгі бағыттары, ерекшеліктері және заңдылықтары», «Ғаламдану кезіндегі тіл, мәдениет және әлеумет мәселелері», «Қазақстан студенттер қауымдастығының әлемдік білім кеңістігіне қосылуындағы халықаралық жобалардың алар орны» және тағы басқа тақырыптарда баяндамалар оқылып, талқыланбақ. Сонымен қатар қазіргі заман білім беру және ғылым салаларындағы күрделі мәселелерді шешу үшін пікір алмасу болады.