Алматыда халықаралық «Хуаньта» 2014 ралли жарысының тұсаукесері өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда «Қазақстан» қонақүйінде халықаралық «Хуаньта» 2014 ралли жарысының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге жарыстың ұйымдастырушылары, қазақстандық әуесқой автошабандоздар, сондай-ақ, кәсіпқой спортшылар қатысты.

Бұл туралы жарысты ұйымдастырушылар мәлім етті.

«Хуаньта» ралли жарысы 2005 жылдан бастап өткізіліп келеді және ойлы-қырлы жерлерде жарысу бойынша Қытайдағы аса беделді жарыс болып табылады. Жарыстарға кәсіпқой спортшылар да (белгілі бір зауыттың атынан жарысқа шығатын командалар), әуесқой спортшылар да қатыса алады. Өзінің климаттық және ландшафттық ерекшеліктеріне байланысты кәсіпқойлар "Хуаньтаны" Шығыстың Дакары деп атап кеткен.

«Хуаньта» ралли жарысы жер ауқымы кең, сұлу табиғат көріністері мен құбылыстарға бай Шыңжаң жерінде өткізіледі. Дәл осы жерде Гоби шөлі, Ядань бедері, Лобнор көлі, Такла-Макан шөлі және саяхатшылардың назарын өзіне аударуға тұрарлықтай тағы да басқа көрікті жерлер мол..

«Xinjiang Around Taklimakan Auto and Motorcycle Sports Club Co., Ltd.» компаниясы алда өтетін жарыс қарсаңында бұл сайыс Қазақстандағы автомотоспортты насихаттап, қазақстандық ралли әуесқойларының жарысқа деген қызығушылығын арттыруға жағдай жасайды деп сенеді. Қазақстандықтардың жарысқа қатысуы біздің халықтарымыздың арасындағы достықты нығайтып, Жаңа Жібек жолы экономикасын құру үшін жасалған тағы да бір қадамға айналмақ.

«Хуаньта» 2014 ралли жарысы 2014 жылдың 25 мамырынан 7 маусымына дейінгі (14 күн) аралықта өтеді. Жарыстың жолы Шыңжаңның Ақсу, Хотан, Керию (Юйтянь), Нию (Миньфэн), Шаршан (Цемо), Шарлык (Жоцян), Корлэ, Тұрфан және Хами секілді аудандары арқылы өтіп, барлығы 12 кезеңнен тұрмақ. Жарыс жолының толықтай қашықтығы 6500 шақырым, жарыс кезеңдері 3300 шақырымды (жарыстың бүкіл шақырым жолының 30%-ы шөлде өтеді) құрайды. Жарыс Ақсуда бастау алып, жабылу салтанаты Хамиде өтпек.

Наурызда сайыстың трассасына бірлескен соңғы барлау жасалынады. Дәл осы уақытта "Хуаньтаның" барлау тобы жарыс маршрутын, жарыс трассасын, жол кітапшасын және т.б. біржола бекітетін болады.

Жарыстың ұйымдастырушылар комитетінің өкілдері келешекте "Хуаньта" ралли жарысының маршруты Орта және Батыс Азия елдерінен Еуропаға қарай өтіп, Қытай шекарасынан шығу мүмкін деген болжам жасауда. Бұл "Хуаньта" ралли жарысын Қытайдың Шыңжаңдағы спорттық туризмнің бетке ұстар мәдени шараларына айналдырмақ.

"Хуаньта» ұйымдастырушылар комитетінің хатшылығы 2014 жылдың 18 ақпанынан бастап жарысқа тіркелу басталатынын атап өтті. Шетелдік қатысушылар ерте бастан көлік құралдарын кеденде тіркеу рәсімінен өткізуі тиіс. Тіркелуге арналған байланыс телефоны: 00869913678665, ресми сайты: http://www.atr123.com/ .atr123.com