Алматыда Халықаралық күлкі күніне орай мерекелік шаралар өтуде

АЛМАТЫ. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -  Бүгін Алматыда  «Family» саябағында Халықаралық күлкі күніне орай мерекелік шаралар өтуде,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мыңға жуық мүгедек балалар, аз қамтылған отбасылардың балалары мен Әуезов ауданындағы интернат пен мектеп оқушылары шақырылған аталмыш шараны Әуезов ауданы әкімінің аппараты мен «Даль Өнім» компаниясы бірігіп ұйымдастырды.

  «Әкімдік жыл сайын осы күнге орай айлықтар өткізіп тұрады. Бұл шараның мақсаты - аудандағы мыңға жуық мүгедек балалар мен аз қамтылған отбасылардың балаларына қуаныш сыйлау. Олар бүгіннен бастап бір ай бойы аттракциондарға тегін отыра алатын болады»,  дейді Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов. 

 Келушілерге аттракциондарға тегін билеттер таратылды,  сахнада «Таң сары» шоу-балеті,  күлдіргіш-сайқымазақтар өнер көрсетуде. Сонымен қатар, саябақта  лотерея ойналып, «Әлемге күлкі сыйла» атты сурет сайысы мен «Күлімсіре!» атты фотобайқау өтуде.

 Шара соңында лотерея мен сайыстардың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады.