Алматыда Халықаралық майдандастар клубының кітапханасы ашылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Казахстанская правда» газетінің бөлімшесінде Халықаралық майдандастар клубы кітапханасының ашылу салтанаты өтті.

Бұл туралы Алматы қ. ТЖД баспасөз қызметінен хабарлады.

Майдандас клубының өзі 2005 жылы алматылық майдандастардың бастамасы және газеттің демеушілігімен құрылған болатын. Оның алғашқы президенті атақты қазақстандық ақын әрі жазушы, майдангер Леонид Скалковский болған еді.

Қазіргі таңда клубты Ұлы Отан соғысының ардагері, бес әскери орден мен 35 медальдің иегері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі әрі Алматы облысының құрметті азаматы Леонид Юзефович Гирш басқарады. Ол өзінің алғы сөзінде бұл кітапхананың бүгінгі ұрпақ үшін рухани мұра екендігін жеткізді.

«Майдандастар клубының мақсаты - Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың өшпес ерліктерін мәңгіге есте қалдыру, өскелең ұрпақтың патриоттық рухы мен Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру. Сол бір сұрапыл соғысқа қатыспаған жанұя жоқ. Көптеген майдангер батырлар кейінгі ұрпақты фашизмнен азат ету жолында жандарын пида етті. Сондықтан олардың ерліктерін ұмытуға болмайды. Ал кітапхана бүгінгі ұрпақ үшін де болашақ ұрпақ үшін де рухани мұра», - деді Леонид Гирш.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының сондай-ақ отандық меценаттардың демеушілігімен майдандастар клубы күні бүгінге дейін майдангерлер жайлы естеліктердің жиырмадан аса тамаша жинақтарын шығарған.

Айта кетелік, аталған кітапхананың салтанатты ашылу шарасына Республикалық «Казахстанская правда» АҚ басқармасының төрағасы Александр Тараков, «Нұр Отан» партиясының Алматыдағы филиалы төрағасының орынбасары Зәуре Аманжолова, «Мәдениет» қорының вице-президенті Валерий Толмачев, Ресей Федерациясының Алматыдағы Бас консулы Алексей Демин, Қазақстан Республикасы Президентінің Алматылық баспасөз қызметі бюросының меңгерушісі Валерий Жандаулетов, Алматы қаласының ТЖ Департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Әбілбайұлы Мадьяров, «Арыстан» лицейінің 2 курс кадеттері, сондай-ақ қоғамдық және ардагерлік ұйымдардың өкілдері қатысты.