Алматыда халықаралық жүк тасымалдауда ақпараттық технологияларды қолдану тақырыбында конференция өтіп жатыр

None
АЛМАТЫ. Шілденің 8-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда «Теміржол көлігімен тауарларды тасымалдауда ақпаратттық технологиялар саласында әріптестік орнату» атты екікүндік халықаралық конференция басталды.

Шараны ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық экспедиторлардың ұлттық қауымдастығы, АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі, Азия Даму банкі, Германияның техникалық әріптестік жөніндегі қоғамдастығы ұйымдастырған.

Конференцияға кеден, теміржол саласының өкілдері, тасымалдаушылар мен кеден брокерлері қауымдастығының, ақпараттық технологиялар саласының өкілдері қатысуда. Шараға қатысушылардың айтуынша, халықаралық сауда кез-келген елдің экономикалық және саяси тұрақтылығының негізі. Бұл бағытта Орталық Азия елдерінің көлік әлеуетін арттыру сауда саласындағы негізгі қозғаушы күштің бірі болмақ. Бұл ретте тасымалдау саласында бірқатар өзгерістер қажет. Бұлардың бірі теміржол арқылы жүк тасымалдауда жүктің қозғалысы туралы дер уақытында ақпарат алмасып отыру. Конференция барысында ақпарат алмасуды дамытуды қолға алу қажеттілігі сөз болып, қазақстандық тәжірибе туралы айтылды.

Конференция қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен ұлттық теміржол компаниясы және экспедиторлар қауымдастығы арасында «Халықаралық тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде ақпараттық әріптестік туралы меморандумға» қол қойылмақ. Бұл құжат халықаралық жүк тасымалы бойынша алдағы уақыттағы бірлескен іс-шараларды анықтайды.