19:38, 22 Сәуір 2009
Алматыда халыққа қызмет көрсететін жаңа орталық ашылды
АЛМАТЫ. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматы қаласының Медеу ауданында халыққа қызмет көрсетуге арналған жаңа орталық ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл қаладағы алтыншы, ал Медеу ауданындағы алғашқы халыққа қызмет көрсеу орталығы. Үкіметтің 2005 жылғы қаңтардың 5-індегі қаулысына сәйкес, бұған дейін мұндай орталықтар Алматының Алмалы, Бостандық, Түрксіб, Жетісу және Алатау аудандарында ашылған болатын. 150-200 мыңдай тұрғынға қызмет көрсетуге арналған екі қабатты жаңа орталық еуростандарт бойынша жасалған. Сондай-ақ онда дін жолындағы адамдар үшін ? намазхана ашылып отыр. Орталықтың төменгі қабатында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 2 қабылдау, 8 дайын құжаттарды беру орындары, банк кассалары, «Қазпошта», фотограф пен нотариус қызметі және 2 кеңесші бар. Үстіңгі қабатта 44 қабылдау орны, банк кассалары, балаларға арналған ойын алаңы және 5 кеңесші орналасқан. Жалпы бұл орталықта жылжымайтын мүлікті, заңды және жеке тұлғаларды тіркеу, құжаттандыру, биометрикалық төлқұжаттар, АХАЖ, мекен-жай, соттылық, мүгедектік, балабақшаға кезекке тұруға қатысты анықтамалар мен басқа да 50 шақты қызмет түрлері бойынша келушілерді қабылдай алады.