18:38, 27 Наурыз 2009
Алматыда HI-TECH Friday Club отырысы өтті
АЛМАТЫ. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Алматыда HI-TECH Friday Club аясында «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар нарығын қаржыландыру» тақырыбында кезекті басқосу өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Шараны «Самұрық-Қазына» мемлекеттік холдингіне кіретін Ұлттық инновациялық қор ұйымдастырып отыр. Клуб жұмысына ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) секторының жүзге жуық маманы қатысты. Жиын барысында АКТ-дағы бизнес үлгілерін технологиялық жүзеге асыру, нарықта қаржыландырудың баламалы көздері секілді тақырыптарға баяндамалар жасалды. Бұдан басқа, АКТ саласындағы негізгі қаржы аспаптары, бірлескен жобаларды техникалық жүзеге асырудың заманауи тәсілдері және оларды тәжірибеде қолдану мәселелері талқыға түсті.Сондай-ақ басқосуда «Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінде ашық білімге арналған ақпараттық қоғам технологиялары» ISTOK-SOYUS халықаралық жобасының таныстырылымы болды. Бұл жобаны Еуропалық Комиссия Еуроодақтың ғылыми-техникалық даму бағдарламасы аясында қаржыландырады. Айта кетелік, HI-TECH Friday Club ? ІТ-индустрияның іскер қарым-қатынастары мен ынтымақтастық байланыстарын орнатуға арналған формалды емес диалог аймағы.