8 маусымда Қалқамандағы №7 ауруханадан 25 жастағы Нұржанды шығарып алуға ХҚО қызметкері Ержан Әбдіразақов та барды.
Ержан Әбдіразақов жансақтау бөлімінде жатқан жігіттерге кіргізбесе де, туыстары, аурухана дәрігерлері арқылы науқастардың жағдайын біліп отырды. Ажалдан аман қалған Нұржан өзінің құтқарушысы Ержан ағасына ағынан жарыла алғыс айтты.
«Мен ол күнді екінші туған күнім дей аламын. Өліп, қайта тірілдім. Сол сәтте Ержан сияқты батыл ағамыз көмекке келмегенде, о дүниелік болар едік. Бізге екінші өмір сыйлаған ағама Алла ризашылығы үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін», - деді Нұржан.
Ал, екінші жігіт – Асқар Қайназаров әлі де ауруханада ем алып жатыр. Ол да есін жиған, сөйлей алады. Бірақ ауруханадан шығуға ерте, әлі де әлсіз. Оны да көруге Ержан бірнеше рет барған, бірақ палатаға жібермеді. Сондықтан оның бауыры Ысқақ арқылы хал-жағдайын біліп тұрады.
«Азаматтарымыз аман болса екен. Асқардың да тез айығып, қатарға қосылуын тілеймін. Нұржан ауруханадан шыққанда қатты қуандым. Туыстары, әріптестері келіп, бәріміз бірге қуанып, шығарып алдық. Енді Асқарды да осылай қуанышпен шығарып алайық. Бәріміз де оның денсаулығы үшін дұғада отырмыз», - дейді Ержан.
Сын сағатта еш ойланбастан, өз өмірінің қаупіне қарамай, құтқаруға ұмтылған Ержан Әбдіразақовтың ісі үлкен ерлік, асқан адамгершілік.
Еске сала кетейік, осыған дейін Алматыда ХҚО қызметікерінің кәріз құдығына түсіп, уланып қалған екі азаматты құтқарғанын жазған болатынбыз.
Кәсіпорын осы оқиғаға байланысты түсінік берді.
«1 маусымда «Алматы су» кәсіпорнының қызметкерлері коммерциялық ұйымдардың су есептегіш құралын тексермек болған. Қызметкерлер қателесіп судың емес, кәріз жүйесінің қақпағын ашып қараған. Соның кесірінен газ буынан уланған. Қазір кәсіпорында қызметтік тексеру жүріп жатыр. Негізінде «Алматы су» қызметкерлері есептеу құралдарының көрсеткішін тіркеумен ғана айналысуы тиіс. Құдыққа түсу олардың міндетіне кірмейді», - деп мәлім етті «Алматы су» МКК.
Кейін дәрігерлер 25 және 42 жастағы екі адам №7 қалалық ауруханаға шұғыл жеткізілгенін хабарлады.
Олар күкірт сутекті газынан уланған. Орталық жүйке жүйесі зақымданған. Уытты энцефалопатия диагнозы қойылды. Екеуі де комада жасанды тыныс алу аппаратына қосылған еді.