Алматыда ХҚО-лар халықты тек алдын ала жасалған бронмен қабылдайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Эпидемиологиялық жағдайдың өршуіне байланысты Алматы қаласының бас санитарлық дәрігерінің шешімімен қаланың халыққа қызмет көрсету орталықтары тұрғындарды алдын ала бронмен қабылдайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сілтеме жасап.

Қаулыға сәйкес, халыққа қызмет көрсету орталықтары күшейтілген санитарлық-профилактикалық шараларды ескере отырып жұмыс істейді.

Жұмыс кестесі дүйсенбіден сенбіге дейін сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін.

Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері Ashyq қосымшасының көмегімен клиенттердің мәртебесін де тексереді.

«Брондауға өтінім қалдыру үшін азаматтар egov.kz электрондық үкімет порталын пайдалана алады немесе 1414 нөміріне қоңырау шалу қажет. ХҚКО ғимараттарына міндетті түрде бетперде тағып кіру керек. Қашықтықты сақтау үшін белгілер 1,5-2 метр қашықтықта сызылған. Әрбір ХҚО-да санитайзерлер бар»,- дейді «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Ермек Бекжүнісов.